Accessibility links

Facebook-те модерация жасау ережелері туралы құжат әшкереленді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Британдық Guardian газеті өзінің қолына түскен Facebook әлеуметтік желісінің жазбалар мен комментарийлерге модерация жасау саясатына арналған ішкі құжаттарын жариялады.

Басылымда жарияланған құжаттарға сай, модераторлар ең алдымен нақты бір жекелеген адамдарға бағытталған, тікелей және орындалатындай зорлық көрсету туралы доқ көрсетілетін комментарийлерді өшіруі тиіс. Мәселен, модераторлар "Трампты атып тастауға" шақырған үндеулерді жоюы тиіс, бірақ бір қолданушы басқа бір қолданушыны өлтіруді тілесе, оны жоюға міндетті емес. Сонымен қатар балаларға зорлық-зомбылық көрсететін сурет пен видеоға да тыйым салынған. Бірақ мұндай материалдар егер олар анық садизм немесе сол туралы оқиғаны ақтау туралы болса ғана өшірілуі тиіс. Жалаңаш адамның суретін жариялауға қатысты да қатаң ереже бар. Бірақ бұл жерде де тарихи құжат деп саналатын суреттерді шығаруға болады деген өзгешелік бар.

Facebook модераторлары жазбалардың мазмұнына қатысты қисапсыз шағымдарды үнемі қарай алмайтынын, ал ереженің барлық ықтимал жағдаяттарға қашан да жауап бере алмайтынын мойындайды. Модераторлар кейде жазбаны өшіру қажет пе, жоқ па деген мәселенің шешімін небәрі 10 секунд ішінде қана қабылдауға мәжбүр екенін айтады.

Facebook қолданушылары, оның ішінде белгілі қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер әлемдегі ірі әлеуметтік желіні модерация саясатында "мынадай жазбаны жариялауға болады, мынадай жазба өшірілуі тиіс" деген мәселеде нақты ереже жоқ деп сынайды. Ал кейбір қолданушылар Facebook-ті "жауыздық тілімен" және "жалған ақпаратпен" белсенді күреспейді деп сынаса, кейбірі модераторлар белгілі бір комментарийлерді өшіріп, қолданушыларды бұғаттап, сөз бостандығын бұзады деп шағымданады. Facebook кейде ресейлік және украиналық танымал блогерлер мен белсенділердің акаунттарын бұғаттап отырады.

XS
SM
MD
LG