АҚШ президенті Дональд Трамптың өкілі Ресейге Украинаның ішкі ісіне киліккені үшін салынған санкциялар дағдарыс реттелгенге дейін күшінде қалатынын мәлімдеді. Ақ үй баспасөз хатшысының орынбасары Сара Хакаби Сандерстің сөзінше, АҚШ "қолданыстағы санкцияларды сақтап қалу ниетінен айнымайды". Сандерс АҚШ әкімшілігі санкцияларды "Мәскеу Украинадағы дағдарысты реттеуге қатысты өзіне алған міндеттемелерін толық орындамайынша" күшінде қалатынын айтты. "Біз биліктің қолданыстағы санкция режимін Ресейді міндеттемелерін орындауға мәжбүрлейтін ең тамаша құрал деп ойлаймыз" деді Сандерс.
Вашингтон мен басқа да Батыс елдері Ресейге қарсы санкцияларды 2014 жылыМәскеу Қырымды аннексиялап алып, Украина шығысындағы ресейшіл сепаратистерге қолдау көрсеткен соң салған. АҚШ президенті Дональд Трамп сайлауалды кампаниясында Ресей президенті Владимир Путин туралы жақсы пікір білдіріп, Мәскеумен қарым-қатынасын жақсартқысы келетінін мәлімдегенде АҚШ-тың одақтас елдерінде Вашингтон Мәскеуге қарсы санкциялардан бас тартпай ма екен деген алаңдаушылық туындаған.