АҚШ Сенаты Ресей, Иран және Солтүстік Кореяға жаңа санкциялар салу туралы заң жобасын мақұлдады. Сенаттың 98 мүшесі қолдап, екеуі қарсы дауыс берген. Бұл заңды бірнеше күн бұрын Конгресс мақұлдаған.
Енді заң жобасын АҚШ президенті Дональд Трамп қарайды. Ақ үй Трамп заңды қабылдайтыны не вето қоятыны туралы пікір білдірген жоқ. Бірақ АҚ үйдің ақпарат және баспасөз бөлімінің жаңа басшысы Антони Скарамуччи CNN арнасына берген сұхбатында "Трамп Ресейге салынатын санкцияны күшейте түсу үшін бұл заңға вето қоюы мүмкін" деген.
Ресей президенті Владимир Путин Финляндияға сапары кезінде "АҚШ тарапынан жасалып жатқан мұндай қорлауға шыдау мүмкін емес" деп мәлімдеді. Осыған дейін Ресей сыртқы істер министрлігі "АҚШ жаңа санкциясы "жауапсыз қалмайды" деп ескерткен.