Accessibility links

Путин Анатолий Антоновты АҚШ-тағы елші етіп тағайындады


Анатолий Антонов, Ресейдің АҚШ-тағы жаңа елшісі.
Анатолий Антонов, Ресейдің АҚШ-тағы жаңа елшісі.

Ресей президенті Владимир Путин көп жылдық жұмыс өтілі бар, Еуропа Одағының (ЕО) санкциясына ілінген Анатолий Антоновты АҚШ-тағы елші етіп тағайындады. Ресей сыртқы істер министрлігі мен қорғаныс министрлігінде жұмыс істеген Антоновты елші етіп тағайындау туралы жарлық Кремль сайтында жарияланды.

62 жастағы Антонов соңғы жылдары Ресей сыртқы саясатын табанды түрде қорғаушы ретінде танылған. Ол қарулануды бақылау мәселесінде қатаң келіссөз жүргізуші дипломат саналады. 2015 жылы ақпанда ЕО Антоновты Мәскеудің Қырымды аннексиялап, Украина шығысындағы сепаратистерді қолдағаны үшін санкция салынған ресейліктер тізіміне енгізген. ЕО ол кезде Антоновты "Украинаға Ресей әскерін кіргізуді қолдаған" деп мәлімдеген. Канада мен Украина да 2011 жылдың ақпанынан 2016 жылдың желтоқсанына дейін қорғаныс министрінің орынбасары болған Анатолий Антоновқа санкциялар салған. Бірақ АҚШ оған санкция салмаған.

2014 жылдың сәуірінен бері Украина шығысында украин үкіметінің әскері мен Ресей қолдайтын сепаратистер арасындағы қақтығыстан 10 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Анатолий Антонов елші болып тағайындалғанға дейін Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары болған. Антонов 2008 жылдан бері Ресейдің АҚШ-тағы елшісі болған Сергей Кисляктің орнына елшілікке тағайындалып отыр.

XS
SM
MD
LG