Ташкентте "Ақсарай" резиденциясының алдында 31 тамызда Өзбекстанның бұрынғы прездиенті Ислам Каримовке орнатылған ескерткіш ресми түрде ашылды деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек редакциясы. "Ақсарай" - Каримовтың бұрынғы жұмыс резиденциясы. Ескерткіш тамыздың ортасында орнатылған болатын.
Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне іс басындағы президент Шавкат Мирзияев, Ислам Каримовтың жесірі Татьяна Каримова, премьер-министр Абдулла Арипов пен оның орынбасарлары, үкімет пен парламент өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.
Бұған дейін Өзбекстан билігі Ислам Каримовке орнатылатын ескерткіш жобасына халықаралық конкурс жариялаған. Конкурсқа Өзбекстан, Түркіменстан, Украина, Оңтүстік Корея, Италия, Австрия, Германиядан барлығы 58 мүсінші 68 жобасын ұсынып, соңында өзбекстандық мүсінші Ильхом Жабборовтың жобасы таңдап алынған.
Ислам Каримовтың ескерткіші Самарқанның "Регистан" алаңына жақын "Йулбарслар хиёбони" ("Жолбарыстар сквері") скверіне де қойылған. Ол ескерткіштің биіктігі 5,8 метр, тұғырының биіктігі – 5,5 метр.
Ислам Каримовтің үшінші ескерткішін жақында Қашқадария облысының орталығы Қаршы қаласына қояды.
Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам Каримовтің қайтыс болғаны 2016 жылы 2 қыркүйек күні хабарланды. Ол Өзбекстанды 1989 жылдан бері басқарған еді. Каримов елде авторитарлық режим орнатып, оппозиция мен тәуелсіз басылымдарды жойған болатын.