Reuters агенттігі Ирак билігі "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының мүшелері деген күдікті содырлардың шетелдік 1400-ге жуық әйелдері мен балаларын ұстап отырғанын хабарлады.
Ирак қауіпсіздік қызметі мен гуманитарлық көмек ұйымдарындағы дереккөздеріне сілтеме жасаған агенттік ақпаратына қарағанда, тұтқында отырғандардың көпшілігі Түркиядан шыққан, кейбірі Тәжікстан, Әзербайжан және Ресейден шыққан. Ұсталғандар арасында Азия елдерінің азаматтары және бірен-саран Франция мен Германия азаматтары да бар.
Reuters содырлардың ұсталған әйелдері мен балаларын Ирак үкіметінің әскері ИМ жасақтарының соңғы бекінген аймақтарынан, оның ішінде Мосул қаласынан алып шыққанын айтады.
Әйелдер мен балалар Мосулдың оңтүстігіндегі лагерде ұсталып отыр. Барлау қызметі шенеуніктерінің бірі Ирак билігі 1400-ге жуық адамның көпшілігінің түпнұсқа құжаттары жоқ болғандықтан олардың аты-жөні мен нақты қай елден әлі де анықтауға тырысып жатқанын айтады.
Ирак армиясының генералы Ахмед әл-Тайе Reuters-ке армия содырлардың отбасы мүшелерін қамауда ұстап отырғанын және үкіметтің пәрменін күтіп отырғанын айтқан.
Reuters өз тілшілері гуманитарлық ұйым қызметкерлері "әскери территория" деп атаған аумақта жүздеген әйел мен баланың шатырларды паналап отырғанын көргенін айтады.
Шешенстаннан шыққан әйел француз тілінде "Францияға қайтқым келеді, бірақ қалай қайтатынымды білмеймін" деген. Ол ИМ-ге қосылған соң өзін Иракқа алып келген күйеуіне не болғанын білмейді.