Ақтөбе қаласының соты жергілікті азаматтық белсенді әрі құқыққорғаушыны сот актісін орындамағаны үшін айыпты деп танып, бас бостандығын екі жылға шектеу туралы үкім еткен. "Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігінің" (ҰАТ) ақтөбелік тобының бұрынғы мүшесі Әлима Әбдіроваға шыққан сот үкімі 18 қыркүйекте жарияланды деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сот үкіміне 2014 жылғы 1 тамызда кәмелетке жасы толмағандарды бейімдеу орталығы мемлекеттік мекемесіндегі жағдаймен танысқан ҰАТ тобының тексеру қорытындысы туралы дайындаған қызмет бабында құпияға жататын есебінің көшірмесі негіз болған. Кәмелетке жасы толмағандарды бейімдеу орталығы жетекшілері ҰАТ тобы есебіндегі айтылғанды "ар-ұжданға нұқсан келтірді" деп бағалап, сотқа жүгінген.
2016 жылғы 3 мамырда Ақтөбе соты талапкердің шағымын қанағаттандырып, Әбдірова мен өзге де жауапкерлерді кәмелетке жасы толмағандарды бейімдеу орталығы еңбек ұжымының жалпы жиналысында ҰАТ есебінде көрсетілген мәліметтердің шындыққа сай еместігі туралы хабарлап, кешірім сұрауларын міндеттеген. Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2016 жылғы маусымның 27-інде күшіне енген сот шешімін орындамағаны үшін Әлима Әбдірованың үстінен қылмыстық іс қозғалған.