Украинаның Львов облысындағы Мостиска қаласының соты Одесса облысының экс-губернаторы және Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиді мемлекеттік шекараны заңсыз өткені үшін айыпты деп таныды. Жұма күні сот Саакашвилиге 3400 гривна (шамамен 130 доллар) айыппұл салуға шешім шығарды деп хабарлайды Азаттықтың Украин қызметі.
Сотқа Саакашвилидің өзі қатысқан жоқ. "Интерфакс-Украина" агенттігінің хабарлауынша, саясаткер Черкасск облысында кездесулер өткізген.
Шілденің соңында Украина президенті Петр Порошенко Одесса облысының бұрынғы губернаторы Михаил Саакашвилиді "кезінде Грузияда үстінен қозғалған қылмыстық іс туралы хабарламаған" деген уәжбен Украина азаматтығынан айыру туралы бұйрық шығарған.
Михаил Саакашвили 10 қыркүйекте украин билігінің қарсылығына қарамастан жақтастарының қолдауымен Польша шекарасы арқылы Украинаға өткен. Шекарада оппозициялық саясаткердің жақтастары мен билік өкілдері арасында қақтығыс болған. Кейін Украинаның билік орындары шекарадағы оқиға барысында полиция қызметкерлері мен шекарашылардың зардап шеккені туралы мәлімдеген. Саакашвили сол күнгі оқиғалар кезінде украиналық паспортын жоғалтып алғанын айтқан.
Саакашвили содан бері халық арасында қолдауға ие болу үшін Украинаны аралап, оның ішінде Киевке барған.
12 қыркүйекте Украина полициясы Михаил Саакашвилиге "шекараны бұзғаны туралы" Львов облысындағы сотқа шақырту берген.
10 қыркүйекте Саакашвилидің шекарадан өткені туралы видео: