Accessibility links

Қырғыз парламенті Өзбекстанмен шекара келісімін мақұлдады


Қырғызстанның Өзбекстанмен шекара бекеті (Көрнекі сурет).
Қырғызстанның Өзбекстанмен шекара бекеті (Көрнекі сурет).

Қырғызстан парламенті қырғыз-өзбек мемлекеттік шекарасы туралы келісімді ратификациялайтын заң жобасын үш оқылымда қабылдады.

Парламент баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиынға қатысқан 97 депутаттың барлығы құжатты мақұлдап дауыс берген. Заң жобасын талқылау жабық өтті.

Жогорку Кенеш заң жобасын алғашқы оқылымда 21 қыркүйекте мақұлдаған. Парламент мақұлдауынан соң бұл құжатқа Қырғызстан мен Өзбекстан президенттері Алмазбек Атамбаевтың Ташкентке сапарында қол қояды. Қырғыз басшысының көрші елге сапары 5 қазанда басталады.

Қырғыз-өзбек шекарасы туралы келісімге 5 қыркүйекте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтың Бішкекке сапары кезінде қол қойылған. Үкімет мәліметіне қарағанда, бұл құжатта 1378 километр мемлекеттік шекараның 1170 километрі (85 пайыз) бойынша келісілгені айтылған. Қалған 208 километрлік (15 пайыз) шекара мәртебесі жыл аяғына дейін анықталмақ.

Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы шекара мәртебесі анықталмағандықтан, көрші ел азаматтары мен шекарашылары бірнеше мәрте қақтығысып қалған.

XS
SM
MD
LG