Accessibility links

Бішкек: Қазақстанмен шекарадағы жағдай оңала бастады


Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы "Ақ-Жол" өткізу бекеті. 12 қазан 2017 жыл.
Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы "Ақ-Жол" өткізу бекеті. 12 қазан 2017 жыл.

19 қазанда қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуал жақсара бастады . Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз редакциясына Қырғызстанның Мемлекеттік шекара қызметі хабарлады. Шекара қызметінің баспасөз хатшысы Салқынай Абдыкариеваның сөзінше, тексеру және өткізу бекеттерінде азаматтарды өткізу процесі жылдамдатылған.

- Бүгін таңертең "Ақ-Жол автожолы" бекетінде Қазақстанға өту үшін 100 шақты азамат кезекте тұрған. Ал "Ақ-Тілек" және "Чоң-Капка" бекеттерінде жүк көліктерінің іркілісі байқалады. Бірақ алдыңғы күндермен салыстырғанда жылдамырақ өткізіп жатыр. Күннің ортасына қарай жағдай бұдан да жақсара түседі деп үміттенеміз, - Абдыкариева.

Ал "Ақ-Жол - автожолы" бекетінде жүрген Азаттық тілшісі бекетте ендігі кезек жоғын айтады.

Қырғызстандағы сайлау алдында және одан кейін елдің президенті Алмазбек Атамбаев қазақстандық әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевты сынап, бірнеше мәлімдеме жасаған. Мұндай наразылыққа Назарбаевтың Қырғызстандағы сайлау алдында президентікке кандидаттардың бірімен кездескені себеп болған. Бұдан соң Астана қазақ-қырғыз шекарасынан өту тәртібін қатайтып, қырғызстандық әскериді тұтқындап, ал Бішкек Талас су қоймасының суын жіберетінін ескерткен.

Қырғызстандық тауар тасымалдаушылары шекарадағы тәртіптің қатаңдатылуы салдарынан туындаған бөгелістен тауарлары шекарада тұрып қалып, шығын тартып жатқандарын мәлімдеген.

Шекарадағы жағдайға байланысты Қырғызстан үкіметі 17 қазанда Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразия экономикалық одағына қайырылып, Қазақстан жағының ереже бұзып отырғанын мәлімдеген.

18 қазанда Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков жұмыс сапарымен Астанаға келген. Қазақстан үкіметі Қырғызстан үкіметі делегациясымен екі жақты келіссөз қорытындысында 19 қазаннан бастап "шекарадан өтудің басым тәртібін" белгілегенін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG