Accessibility links

Мадрид Каталонияны тікелей басқаруды енгізеді


Испания премьер-министрі Мариано Рахой. 18 қазан 2017 жыл.
Испания премьер-министрі Мариано Рахой. 18 қазан 2017 жыл.

Испания премьер-министрі Мариано Рахой Мадрид Каталонияны тікелей басқаруды енгізетіні туралы жариялады. Рахой өзі басқаратын кабинетке аймақтық үкіметтің өкілеттігі толығымен өтетіні туралы мәлімдеді. Оның сөзінше, Каталония үкіметі таратылып, жақын алты айдың ішінде жаңа сайлау өткізу керек.

Бұған дейін Рахой Каталония аймағы төңірегіндегі дағдарысты реттеу бойынша орталық үкіметтің шұғыл отырысын өткізген. Министрлер автономды аймақтың өзін өзі басқаруын шектейтін шараларды талқылаған. Енді Мадрид өзіне аймаққа тікелей басқару енгізуге мүмкіндік беретін конституция бабын алғаш рет пайдаланып отыр.

10 қазанда Каталония басшысы Карлес Пучдемон референдум қорытындысы бойынша аймақ тәуелсіздік алу құқығына ие болғанын, бірақ оны ресми түрде жариялауды кейінге қалдырғаны туралы мәлімдеген. Бұдан соң Испания үкіметі Каталонияға ультиматум қойған. Мадрид Каталония тәуелсіздігін жариялады ма, жоқ па – сол туралы түсініктеме беруді талап еткен. Оған жауап ретінде Каталония билігі орталық үкіметті диалогқа шақырған.

Каталония тәуелсіздігі туралы референдум 1 қазанда өтті. Дауыс беруге қатысқандардың 90 пайыздан астамы Испания құрамынан шығуды жақтаған. Каталония билігінің мәліметі бойынша, дауыс беруге қатысқандар аймақтағы жалпы сайлаушы санының 43 пайызын құраған. Мадрид дауыс беруді заңсыз деп атап, оны мойындаудан бас тартқан. Еурокомиссия да осы ұстанымда екенін білдірген.

XS
SM
MD
LG