Ресейде бірнеше айдан бері шетелдік азаматтарды уақытша ұстау орталығында отырған "Новая газета" басылымының тілшісі Әли Ферузды Андрей Сахаров атындағы "Ерлігі үшін" орденімен марапаттады. Ұйымдастырушылардың түсіндіруінше, сыйлық журналистке басына төнген қауіптен тайсалмай, "сәбиге тән күлкісін, ақылды, ашық көзқарасын" жоғалтпаған батылдығы үшін беріліп отыр. "Андрей Сахаров та әлемге осылай ашық, қарапайым, ақылды көзқараспен қарайтын" деп жазды сыйлықты ұйымдастырушылар Facebook парақшасында.
Өзбекстан азаматы Әли Феруз (шын аты-жөні - Худоберди Нурматов) бірнеше жылдан бері Ресей билігінен босқын мәртебесін ала алмай жүрген болатын. Ресей ішкі істер министрлігі "Феруз Өзбекстанға оралу жеке басына қауіпті екендігіне дәлел келтіре алмады" деген уәж айтқан. Бірақ журналистің туыстары, әріптестері мен құқық қорғаушылар Өзбекстанда Феруздың өміріне қатер төнеді дейді.
1 тамыз күні Мәскеуде Ферузды "көші-қон заңын бұзды" деген айыппен ұстаған. Кейін Ресей соты Феруздың шағымы Еуропаның адам құқығы жөніндегі соты қарағанға дейін журналисті Өзбекстанға депортациялау туралы шешім күшін уақытша тоқтатқан. Әли Феруз содан бері шетелдік азаматтарды уақытша ұстау орталығында отыр.