Швейцарияның федералдық прокуратурасы Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің қызы Гүлнәр Каримованың 2012 жылы бұғатталған ақшасына қатысты ісін тергеуді аяқтады. Тергеу 800 миллионға жуық АҚШ долларына қатысты. Іс әлі сотқа берілмеді. Бірақ бұл ақшаға қатысты талас басталып кетті.
"2012 жылдың шілде айында алты адамға, оның ішінде Гүлнара Каримоваға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар көлеңкелі ақшаның ізін жасырмақ болды деп айыпталады. Швейцария прокуратурасы әзірге 800 миллион франкті (шамамен 784 миллион АҚШ доллары) бұғаттап отыр. Бұл іс 19 елдің құқықтық көмегімен жүзеге тергелді" делінген Швейцарияның федералды прокуратурасы таратқан мәлімдемеде.
"Берн декларациясы" тәуелсіз ұйымының сарапшысы Оливье Лонгшан Гүлнара Каримованың ісі халықаралық құқықта ең былыққа батқан іс екенін айтады.
"Негізінде бұғатталған ақша мен байлықтың жалпы сомасы 1 миллиард доллар. Екіншіден, бұл істі 19 елдің заңгерлері қарап жатыр. Бұл мәселеде аталған елдердің заң өкілдері арасында кикілжің туындауы заңды" дейді Оливье Лонгшан.
Сарапшы сол себепті Швейцария прокуратурасы тезірек істі сотқа беруге мүдделі екенін айтады.
Le Temps газетінің 19 қазанда жарық көрген мақаласында бұғатталған ақшаға негізінен Өзбекстан, АҚШ және Нидерланд таласып отырғаны айтылған. Ресми Ташкент Өзбекстан ақшасын елге қайтаруды талап етеді. АҚШ болса, қаржы жымқыру америка банктері арқылы жүзеге асқанын айтады. Ал Амстердам пара берген өз нидерландтық компания болғандықтан бұл голландықтардың ақшасы деп есептейді.