Италия соты ВИЧ дертімен ауыратын 33 жастағы ер адамды аталған инфекцияны отыз әйелге қасақана жұқтырғаны үшін айыпты деп танып, оған 24 жыл түрме жазасын кескен. Әлгі адам 2006 жылы ВИЧ-дертіне шалдыққаны анықталғаннан кейін кемінде елу әйелмен жыныстық қатынаста болған.
Тергеу барысында ВИЧ-науқастың ол әйелдермен әлеуметтік желілер және танысуға арналған сайттар арқылы танысқаны анықталған. Күдікті 2015 қарашада тұтқындалған деп хабарлайды ВВС. Сот процесі кезінде сотталушының адвокаты қорғауындағы адамның іс-әрекеті қауіпті болғанымен, оның қаскөйлік ниеті болмаған деп сендіруге тырысқан.
Онымен жыныстық қатынаста болған әйелдер ВИЧ инфекциясын тағы үш ер адам мен бір балаға жұқтырған.
Сотта прокурор бұл адамның іс-әрекеті "ажал себуге" бағытталған деп мәлімдеп, судьядан оған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.