Ресми Астана Каталония аймағына қатысты қалыптасқан жағдайды Испанияның ішкі шаруасы деп біледі. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігі бүгін таратқан мәлімдемеде айтылған.
"Қазақстан Каталония автономиялық қоғамдастығындағы ахуалды Испанияның айрықша ішкі жағдайы ретінде қарастырады және мәселе қатаң түрде Испанияның қолданыстағы заңнамасы шеңберінде өрбуі тиіс деп санайды" делінген мәлімдемеде.
Сонымен бірге Астана Испания корольдігімен қарым-қатынаста "ол елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу қағидатын" ұстанатынын атап көрсеткен.
Кеше Испания парламентінің сенаты Каталония аймағын Мадридтің тікелей басқаруын енгізуді қолдап дауыс берген. Испания премьер-министрі-министрі Мариано Рахой Каталония автономиялық аймағының үкіметі мен парламентін таратып, 21 желтоқсанда Каталонияда кезектен тыс сайлау өткізілетіні туралы мәлімдеген.
Испанияның орталық билігі мұндай қадамға жұма күні Каталония парламенті Испания құрамынан шығып, тәуелсіздік жариялауды басым көпшілік дауыспен қолдағаннан кейін барған. Каталонияның Испаниядан тәуелсіздік алуын аймақ парламентінің 70 депутаты қолдап, он депутат қарсы дауыс берген, екеуі - қалыс қалған.
Еуропа елдері мен АҚШ Испания орталық үкіметіне қолдау білдірген.