АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі Курт Уолкер сенбі күні Киевте Қырым татарларының жетекшілері Мұстафа Жемилев, Рефат Чубаров, Ресей аннексиялап алған Қырымда сотталып, осы аптада түрмеден босап шыққан Ильми Умеров және Ахтем Чийгозбен кездесті. Бұл туралы Қырым татарлары Межлисінің басшысы Рефат Чубаровқа сілтеме жасап Крым.Реалии сайты хабарлады. Бірақ, кездесудің жай-жапсары туралы ештеңе айтылмаған.
Reuters агенттігіне сұхбтында Уолкер Ресей билігінің Умеров пен Чийгозды түрмеден босатқанын "кішігірім позитивті қадам" деп атап, ол екеуіне Қырымға қайтып оралуына мүмкіндік жасауға шақырған. АҚШ дипломаты тиімді болуына қол жеткізу үшін Донбастағы халықаралық бітімгерлік миссиясының өкілеттігін анағұрлым кеңейту қажеттігін айтқан.
Жұма күні Украинаға келген Уолкер Жоғарғы Рада депутаттарымен, ел президенті Петр Порошенкомен кездесіп, жабық есік жағдайында келіссөздер өткізген.
Жоғарғы Рада депутаты Мустафа Найем Facebook әлеуметтік парақшасында Уолкер"Донбастағы бітімгершілік миссиясына Ресейдің қатысуын "елестете де алмайды" деп жазған.
Жоғарғы Раданың сыртқы істер жөніндегі комитетінің жетекшісі Анна Гопкор Уолкерге "Кремль Қырымда қамаған саяси тұтқындар мен Донбастағы соғыс тұтқындарының туыстарының" хаттары берілгені туралы айтқан. Аталған азаматтардың тағдыры туралы мәселе Уолкер мен Порошенконың кездесуінде де талқыланған.