Accessibility links

Ақтөбе облысы: Шалқарда АИ-92 бензині қымбат


Жанармай құю станциясында кезекте тұрған көліктер (Көрнекі сурет).
Жанармай құю станциясында кезекте тұрған көліктер (Көрнекі сурет).

Ақтөбе облысының ең шалғай елді мекендерінің бірі Бозой ауылында АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 190 теңгеге жетті. "Бензин бағасы аудан орталығы Шалқарда да арзан емес, литрі 185 теңгеден" деп хабарлайды Азаттыққа аты-жөнін атамауды өтінген тұрғын.

- АИ-92 бензинінің литрі аудан орталығы Шалқарда 190 теңгеден сатылғаны рас. Қорды тауысып алмау үшін бензинді он литрден шектеп саттық. Бірақ қымбатшылық бір тәулікке қана созылды. Қазір Шалқарда бір литр бензин 185 теңгеден. 4 қараша күні Атыраудан жеті вагон жанар-жағар май аламыз. Сол кезде баға қайтадан 170 теңгеге түседі, - дейді Шалқар қаласының әкімі Гүлсім Мұқанова.

Бозой ауылы Шалқардан 220 километр жерде. Соған қарамастан ауыл әкімі бензин бағасының аудан орталығындағы бағамен бірдей екенін айтады. Ақтөбе қаласында өткен ауыл әкімдерінің республикалық форумына келген Бозой селолық округінің әкімі Жасұлан Жұбаназаров алғашында "бізде бензин бағасы 175 теңгеден" деп айтқанынан қайтпай қойған. Сәлден соң "Бозойдағы бензин бағасы Шалқармен бірдей" екенін айтты. Әкімнің сөзіне қарағанда, Бозойда бензин 190 теңгеден сатылған емес.

- Жеке кәсіпкер "Байекешов" Бозойдан жанар-жағар май құятын екінші станция салып жатыр. Соның құрлысы біткен соң бензин бағасын "Қазмұнайгазбен" бірдей қылуға уәде берді, - дейді Жасұлан Жұбаназаров.

Ал облыс орталығы Ақтөбеде қазір АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 151-160 теңге аралығында сатылып жатыр.

XS
SM
MD
LG