"Ұйымдасқан қылмыстық топ құрды", "мұнай ұрлығымен айналысты" деп айыпталған Еркін Ізбасар мен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық іс тергеліп болды. Қылмыстық іс сотқа жіберілді" деп хабарлады бүгін Facebook-тегі парақшасында Ақтөбе облыстық прокуратурасының аппарат жетекшісі Жасұлан Дәулембаев.
Бірінші топ мүгедегі Еркін Ізбасар мен оның серіктеріне тергеу қылмыстық кодекстің "мұнай және мұнай өнімдерін қылмыстық топ құрамында заңсыз иелену, өткізу, сақтау, қайта өңдеу" және "ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру" деген баптары бойынша айыптар таққан болатын.
Ақтөбе облыстық соты "мұнай және мұнай өнімдерін ұрлаумен және заңсыз тасымалдаумен айналысқан" деген күдікпен былтыр желтоқсан айында жиырмадан астам адамды қамауға санкция берген. Сот айып тағылған азаматтардың бірқатарының фамилияларын атады. Әзірше жария болғандары: Еркін Ізбасар, Саят Дүсіпов, Есенжан Еркетаев, Азат Амитов, Адайбек Сәрсенов, Бауыржан Батыров, Нұрлан Қазкенов, Аухат Қалиев пен Жанат Ілиясов.
Былтыр желтоқсанның басында ҰҚК қызметкерлері мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ішкі істер министрлігі бірлесіп Ақтөбе және тағы кей аймақта "мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан" деген күдікті топты қолға түсіру операциясын жүргізгені хабарланған. Арнайы қызмет қанша адам ұсталғанын, тұтқындау қай жерде болғаны туралы нақты ақпарат бермеген. Операция барысында күдіктілерден өзге мұнай мен мұнай өнімдері бар автоцистерналар да тәркіленген.
ҰҚК сонымен қатар "мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған радикалды салафизм бағытын ұстанатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталғаны" туралы да хабарлаған.Алайда күдіктілердің ешқайсы да өздеріне тағылған айыппен келіспейді.
Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, Еркін Ізбасар мен оның сыбайластарына қатысты іс сотқа түскен. Әзірше бұл істі қай судья және қашан қарай бастайтыны белгісіз.