Испанияның конституциялық соты Каталонияның тәуелсіздігі туралы декларацияны заңсыз деп таныды. Декларацияны 27 қазанда автономия парламенті қабылдаған.
31 қазанда Конституциялық сот түпкілікті шешім қабылданғанша Каталония тәуелсіздігін жариялауды тоқтатқан.
8 қарашада Каталонияда жалпыхалықтық ереуіл өтті. Оған қатысқандар автономияның биліктен шеттетілген басшысы Карлес Пучдемон мен оның бұрынғы үкіметіндегі төрт министрді қамауға ордер берілгеніне қарсылық танытып, көлік жолдары мен теміржолды жапты. Оларға бүлік шығарды және бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылған.
Каталония тәуелсіздігі туралы референдум өткен соң Испания билігі автономия үкіметі мен парламентін таратып, тікелей басқару жүйесін енгізген. Каталонияда 21 желтоқсанға сайлауға белгіленді.