Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Орталық Азия елдері өңірлері басшыларының ассоциациясын құруды ұсынды. Podrobno.uz ақпараттық сайтының хабарлауынша, Мирзияев бұл туралы Самарқанда өтіп жатқан "Орталық Азия: ортақ өткен шақ және келешек, орнықты даму және бірге көркею жолындағы ынтымақтастық" деп аталатын халықаралық конференцияда айтты.
"Қазір өңіраралық ынтымақтастыққа баса көңіл бөлу керек. Осыған байланысты басшылардың, яғни Орталық Азия елдері бизнес қауымдастықтары мен аймақ әкімдерінің ассоциациясын құру керек. Біз аймақтармен, олардың басшыларымен және бизнес өкілдерімен тікелей диалог орнатқан кезде нәтиже айқын болады. Біз оларға көмектесіп қана қоймай, кедергі келтірмеген кезде нәтиже одан да зор болады" деді Мирзияев.
Өзбекстан президентінің пікірінше, бұл тетік Орталық Азия елдерінің индустриалдық, инвестициялық және интеллектуалдық әлеуетін тікелей іске қосуға, аймақ елдерінің орнықты дамуына мүмкіндік береді.
Мирзияев бұдан өзге жыл басынан бері Өзбекстанның аймақ елдерімен сауда айналымы 20-дан көп пайызға артқанын, ал кейбір елдермен сауда айналымы тіпті 70 пайызға ұлғайғанын айтты. БҰҰ сарапшыларының есебінше, аймақ елдері өзара тиімді түрде біріккенде он жыл ішінде аймақтың жалпы ішкі өнім көлемі кем дегенде екі есеге артқан болар еді.
Конференцияға Орталық Азия елдерінің сртқы істер министрлері, БҰҰ, Еуропа Одағы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ТМД, Еуропадағы қайта құру және даму банкінің басшылары, дипломатиялық корпустардың өкілдері, сарапшылар қатысып жатыр.