АҚШ пен Ресей Сирияда «Ислам мемлекеті» террорлық тобын жеңгеннен кейінгі жағдайды реттеу мәселелерін талқылап жатыр. Вашингтон мен Мәскеу АҚШ пен Ресей әскері арасында жанжал шығуына жол бермеу, Сириядағы азамат соғысына қатысушы тараптардың арасындағы зорлық-зомбылықты азайту және БҰҰ-ның арағайындық етуімен Сирия бойынша бейбіт келіссөздерді қалпына келтіруге бағытталған мәселелерді қарастырып жатыр деп хабарлайды Associated Press.
Агенттік ақпараты бойынша, АҚШ пен Ресей Сирияда атысты тоқтату режимін бұзу фактілерін тіркеу үшін 2017 жылы Амманда құрылған бірлескен "мониторинг орталығының" ары қарайғы жұмысын да талқылап жатыр.
Бұған дейін қыркүйекте Сирия мәселесі бойынша Астанада өткен келіссөздерде АҚШ пен Ресей өкілдері екіжақты кеңесулер өткізгені туралы хабарланған болатын.
Өткен айдың соңында Астанада Сирия бейбіт келіссөзінің жетінші кезеңі өткен. Онда гарант елдер - Ресей, Түркия және Иран бірлескен мәлімдемеде Сирияда қақтығысты тоқтату режимін нығайту шараларын жасау нәтижесінде зорлық-зомбылық көрсеткіші азайғанын айтқан.