Польша 11 қарашада тәуелсіздік мерекесін атап өтті. Осыдан 99 жыл бұрын дәл осы күні поляк халқы ел тәуелсіздігін қалпына келтіруді бастаған болатын.
Сенбі күні Отан үшін құдайға құлшылық ету рәсімі мен Белгісіз сарбаз қабірінің басына гүл қоюмен басталған мерекелік шараларға көпшілікпен бірге Польша президенті Анджей Дуда да қатысты.
- Тәуелсіздік пен азаттықтың қаншалықты қымбат екенін жадымыздан шығармауға тиіспіз. Тәуелсіздік бір рет қана жай беріле салатын нәрсе емес екенін ұмытуға болмайды, - деген ол.
Тәуелсіздік мерекесі күні Варшаваның бір өзінде оннан аса шеру өтті, соның арасында "Бізге Құдай керек!" деген ұранмен өткен патриоттар шеруіне ондаған мың адам қатысқан.
Варшавада тәуелсіздік күніне орайластырылған шерулер кезінде автокөлікпен жасалатын шабуылдарға қарсы сақтық шаралары жасалды: шеру өтетін жол бойына бетон тосқауылдар қойылды.
Бұл күні елдің барлық аймағында көпшіліктің қатысуымен шерулер өтіп, концерттер қойылды. Биліктегі "Құқық және әділеттік" партиясы Краков қаласында өткізген мерекелік шараларған үкімет жетекшісі, сейм және сенат спикерлері қатысты.
Польшадағы АҚШ елшілігі осы атаулы күнге арнап арнайы видеоролик дайындады. Онда америкалық дипломаттар Польшада өздеріне не ұнайтыны туралы сауалдарға поляк тілінде жауап берген. Көпшілігі поляк тағамдары мен музыкасын ұнататындарын айтқан.
Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталған 11 қараша Польша халқының 123 жылға созылған өзге елдерге кіріптарлық қамытын тастап, ел тәуелсіздігін қалпына келтіру басталған күн болып саналады. Республика болып жарияланған Польша мемлекеті басшылығына Юзеф Пилсудски сайланған. Бұл республика 1939 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін билік құрған.