Accessibility links

Мәскеуде 200 адамды вокзалдан эвакуациялаған


"Бомба қойылғаны" туралы хабардан соң тексеріліп жатқан ғимараттың алдында тұрған төтенше қызмет өкілдері. Мәскеу, 14 қыркүйек 2017 жыл.
"Бомба қойылғаны" туралы хабардан соң тексеріліп жатқан ғимараттың алдында тұрған төтенше қызмет өкілдері. Мәскеу, 14 қыркүйек 2017 жыл.

Мәскеуде өткен түні "бомба қойылғаны" туралы түскен анонимді хабардан кейін Курск темір жолы вокзалынан екі жүзге жуық адамды эвакуациялаған. Бұл туралы төтенше қызметтегі дереккөзіне сілтеме жасап ТАСС агенттігі хабарлады.

Дереккөздің ақпараты бойынша, вокзал ғимаратында "жарылыс болу қауіпі" бары туралы хабар полицияға түскен. Вокзал аумағын тексеріп шыққан кинологтар ешқандай қауіпті зат таппаған.

Бұған дейін осыған ұқсас "бомба қойылғаны" туралы хабардан кейін Ресейдің Ярославль қаласында бірнеше сауда үйі мен өзге де қоғамдық орындардан адамдарды эвакуациялаған болатын.

Ресейде биыл қыркүйектің 10-ынан бері белгісіз біреулер құқық органдарына қоңырау шалып, вокзалдар, сауда орталықтары мен оқу орындары тәрізді адам көп жиналатын орындарға "бомба қойылғаны" туралы хабарлауды әдетке айналдырған. Содан бергі өткен уақыт ішінде Ресейдің ондаған аймағында жүздеген мың адамды эвакуациялаған. Бомба қойылғаны туралы жеткен хабарлардың ешбірі расталмаған.

Қазан айының басында Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) директоры Александр Бортников телефон арқылы жалған хабар берушілердің анықталғаны туралы хабарлаған. Оның сөзінше, күдікті төрт адам – шетелде тұратын ресейліктер. Олардың ұсталғаны туралы әзірше ақпарат жоқ.

XS
SM
MD
LG