Accessibility links

Зимбабве әскерилері: Президент Мугабе қауіпсіз жерде


Зимбабве қорғаныс күштерінің ресми өкілі, генерал-майор С.Б.Мойо телеарнадан халыққа үндеу жасап тұр. 15 қараша 2017 жыл.
Зимбабве қорғаныс күштерінің ресми өкілі, генерал-майор С.Б.Мойо телеарнадан халыққа үндеу жасап тұр. 15 қараша 2017 жыл.

Зимбабведе әскерилер 15 қарашада төңкеріс жасап, билікті басып алды деп хабарлайды Reuters. Әскерилер 93 жастағы президент Роберт Мугабенің төңірегіндегі "қылмыскерлерді" нысанаға алғанын, ал Мугабенің өзі мен отбасы "қауіпсіз әрі сенімде жерде екенін" мәлімдеді.

15 қарашада бұдан ертерек әскер мен әскери техникалар ел астанасы Хараренің орталығындағы үкімет кеңселері, парламент пен сотқа апаратын негізгі жолдарды жапқан. Хараредегі Мугабе резиденциясының айналасында атыс пен жарылыс үні естілген.

Зимбабве президенті Роберт Мугабе мен оның әйелі Грейс Мугабе.
Зимбабве президенті Роберт Мугабе мен оның әйелі Грейс Мугабе.

"Біз Мугабенің айналасындағы елдің әлеуметтік және экономикалық қиындыққа ұшырауына себеп болған қылмыс жасағандарды жауапқа тартуды көздеп отырмыз. Өз миссиямызды аяқтаған соң жағдай қалыпқа түседі деп ойлаймы" деді Зимбабве қорғаныс күштерінің ресми өкілі генерал-майор Мойо телеарна арқылы.

Мугабенің өзі де, онымен бірге президент сияқты белсенділік танытып жүрген әйелі Грейс те телеарнадан көрінбеді.

Зимбабвенің оппозициялық Демократиялық өзгерістер қозғалысы елде конституциялық демократияға бейбіт түрде оралуға шақырып, әскерилердің билікке ықпал етуі "тұрақты, демократиялық мемлекет орнатуға сеп болады" деген үміті барын мәлімдеді.

Зимбабвені азат ету соғысы ардагерлерінің басшысы Оңтүстік Африка республикасын, оңтүстік Африка аймағы елдері мен Батыс елдерін соңғы жиырма жылда экономикалық дағдарысқа ұшыраған Зимбабвеге қолдау көрсетуге шақырды.

Өткен аптада Роберт Мугабе Зимбабве вице-президенті Эммерсон Мнангагваны "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деп айыптап, отставкаға жіберген. Мнангагва Мугабенің ықтимал мұрагері саналған әрі армияның қолдауына ие болған. Зимбабве қарулы күштерінің басшысы елдегі саяси дағдарысты тоқтатуға "араласуға" дайын екенін мәлімдеген.

Роберт Мугабе Зимбабве Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған 1980 жылдан бері билікте отыр. Әскерилер вице-президент отставкаға кетсе, билік Мугабенің әйелі Грейске тиюі мүмкін деп қауіптенеді.

XS
SM
MD
LG