Accessibility links

Нығматулин Атамбаевтің сөзін "жауапсыздық" және "популистік" деп атады


Нұрлан Нығматулин, Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы.
Нұрлан Нығматулин, Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы.

Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтің бүгін Бішкекте қорытынды баспасөз конференциясында айтқан сөздерін "жауапсыздық және популистік" деп атады. Нығматулиннің сөзінше, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Қырғызстан халқына ешкім жасамаған көмек көрсетіп, қолдап отыр".

"Қырғызстан халқының Қазақстан басшысына қашан да жылышырай білдіріп, ризашылық сезіммен қарайтынын білемін. Сондықтан, Атамбаевтың мұндай "бос", популистік және жауапсыз сөздері екі халықтың бауырмалдық қарым-қатынасына зиянын тигізе алмайды" деді Нығматулин.

Мәжіліс төрағасының пікірінше, Атамбаев президент қызметін атқарған кезеңде табысқа жете алмаған. "Атамбаевтың өзіне келсек, президент болған жылдары ол я экономикада, я саясатта бір де бір нәтижеге жете алмады. Ал кетіп бара жатып саяси, одан қалды ішкі мәдениетінің мүлдем жоғын көрсетіп отыр" деді Нұрлан Нығматулин.

20 қарашада Бішкекте қорытынды баспасөз конференциясында қызметінен кетіп бара жатқан Атамбаев Ресей президенті Владимир Путиннен "қазақ-қырғыз дағдарысына" араласуын сұрағанын айтқан. Қазақстанмен шекарадағы жағдай туралы айтқан Атамбаев "блокада" сөзін қолданған. Ол сонымен қатар көрші елге "жақсы сабақ бергеніне" өкінбейтінін мәлімдеген.

Атамбаевтың Қазақстан басшылығы атына айтқан сынын Қазақстан парламенті сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де "лас шабуылға толы долданған сөз" деп атаған.

Қырғызстанның жаңадан сайланған президенті Сооронбай Жээнбековті ұлықтау салтанаты 24 қарашада өтеді.

XS
SM
MD
LG