Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп телефон арқылы сөйлесіп, келіссөз жүргізді. Ақ үй баспасөз қызметі екі президент арасындағы әңгіменің шамамен бір сағатқа созылғанын хабарлады. Путин мен Трамп Сирия және Украинадағы қарулы қақтығыстарды, Солтүстік Корея, Иран және Ауғанстандағы жағдайды талқылады.
Бұдан бір күн бұрын Путин Сирия президенті Башар Асадпен кездескен болатын. Кремльдің хабарлауынша, Путин Трамппен әңгімесінде Сирияда президент және парламент сайлауларын өткізуді қалайтынын, конституциялық реформаны жақтайтынын мәлімдеген.
Мәскеу, Анкара және Тегеран Қазақстан астанасы Астанада Сирия бейбіт келіссөзін өткізіп келеді. Оған жанжалдасушы тараптар қатысып жүр. Астанадағы кездесуде Сирияның маңызды аймақтарында деэскалация аймақтарын құру мәселесі талқыланып жатыр.
Ақ үйдің мәліметіне қарағанда, Трамп пен Путин 21 қарашада "Таяу Шығыс пен Орталық Азия аумағында терроризммен күрестің маңыздылығын" айтты және "Ислам мемлекеті", "Әл Қаида", "Талибан" және басқа да террорлық топтармен күресу үшін әріптестікті арттыру жолдарын іздеуге келісті.
Өткен аптада Трамп пен Путин Вьетнамдағы саммитте бейресми кездесу өткізген. Ол кезде Кремль америкалықтар "ресми кездесуге келіспей қойғанын" мәлімдеген. Ақ үй кездесу президенттің "уақыты жоқтықтан және жұмыс кестесінің тығыздығынан" өтпей қалғанын айтқан.