Украинаның шығысындағы Луганск қаласына 21 қараша күні кешке қарулы адамдары бар ондаған жүк көлігі кірді. Bellingcat журналисі Арик Толер жүк көліктерінде өзін-өзі жариялап алған "Донецк халық республикасының" (ДХР) қарулы сепаратистері барын хабарлады. Сейсенбі күні бұдан ертерек қала орталығын айырым белгісі жоқ қарулы адамдар басып алған болатын.
Кеше күндіз камуфляж киген адамдар өзін-өзі жариялап алған "Луганск халық республикасының" (ЛХР) әкімшілік кеңселеріне баратын жолды жапқан. ЛХР басшысы Игорь Плотницкий белгісіз адамдарға қаланы босатуды талап еткен, бірақ олар оның талабын орындаудан бас тартқан.
"Новая газета" басылымының мәліметінше, Луганскіге күндіз үш жүк көлігімен ДХР республикалық мемлекеттік күзет қызметінің қарулы сепаратистері барған.
Луганскідегі бұл оқиғалар Игорь Плотницкий мен ЛХР ішкі істер министрі Игорь Корнет арасындағы кикілжіңімен байланысы бар болуы мүмкін. 20 қарашада Плотницкий Корнетті оған қатысты "қылмыстық іс қозғалуына байланысты" отставкаға жіберген. БАҚ-тың мәліметінше, Игорь Корнет бұйрыққа бағынудан бас тартқан. Корнет өзінің отставкаға кеткенін терістеп, Луганскідегі оқиғаларды "диверсия жасауды көздеген украиналық топты іздеу операциясы" деп атаған.