Accessibility links

Грузия арнайы қызметі Ахмед Чатаевтың қаза тапқанын растады


Үкімет күштеріне қарулы қарсылық көрсеткен топ бекінген көпқабатты үйдің сыртқы көрінісі. Тбилиси, 22 қараша 2017 жыл.
Үкімет күштеріне қарулы қарсылық көрсеткен топ бекінген көпқабатты үйдің сыртқы көрінісі. Тбилиси, 22 қараша 2017 жыл.

Грузияның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі Тбилисиде қарашаның 22-і күні өткен арнайы операция кезінде 2016 жылғы маусымда Стамбул әуежайында жасалған терактіні ұйымдастыруға күдікті саналатын Ахмед Чатаевтың қаза тапқаны туралы ақпаратты растады. Сонымен бірге, Ахмед Чатаев "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы қатарына адам тартқан топқа жетекшілік жасаған деген күдікке іліккен.

Грузин арнайы қызметінің мәліметінше, күш құрылымдары жүргізген арнайы операция кезінде Чатаев өз-өзін жарып жіберген. Оны ДНК-талдауы және саусақ іздері бойынша анықтаған.

Тбилисидегі арнайы операция аяқталысымен Ахмед Чатаевтың қаза тапқаны туралы оның үй-ішіне жақын дерек көзіне сілтеме жасап "Кавказ.Реалии" сайты хабарлаған. Өзге дерек көздерінің мәліметі бойынша, бір қолы мен бір аяғы жоқ Чатаевты өзгелер танып қалуы мүмкін, сондықтан ол Тбилисиде күш құрылымдарымен қарулы қақтығыс барысында қаза тапқандардың арасында болмаған.

Оқи отырыңыз: Тбилисидегі арнайы операцияда төрт адам өлген

Қарашаның 22-і күні Тбилисидегі көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерге бекінген қарулы топқа қарсы арнайы операция 20 сағатқа жуық уақытқа жалғасқан. Атыс барысында грузин қауіпсіздік күштері арнайы жасағының бір сарбазы оққа ұшып, төртеуі жараланған. Күдіктілердің үшеуі қаза тапқан, біреуі операция басталмай тұрып қолға түскен.

Ахмед Чатаев 2000 жылдардың басына дейін Шешенстанда Ресей өкіметіне қарулы қарсылық көрсетушілер жағында соғысқан. Онан соң Еуропаға кеткен ол Австриядан босқын мәртебесін алған. 2012 жылы Чатаев Грузияның Лопота шатқалында жүргізілген арнайы әскери операция кезінде ұсталған. Бірақ кейін ақталып, оны босатқан. Кей мәліметтер бойынша, Чатаев 2015 жылы Сирияға кетіп, "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қосылған және "сыңараяқ Ахмед" деген лақап атқа ие болған. Сол кезде оны Ресей мен АҚШ терроршылар тізіміне енгізген.

XS
SM
MD
LG