Accessibility links

Тәжік-ауған шекарасындағы атыста офицер қаза тапқан


Тәжікстанмен шекара маңындағы ауған ауылы.
Тәжікстанмен шекара маңындағы ауған ауылы.

Тәжік-ауған шекарасында болған атыс салдарынан Тәжікстанның Хатлон облысы Шамсиддин-Шохин ауданында орналасқан әскери бөлімнің командирі полковник Хайриддин Ахтамов қаза тауып, төрт әскери қызметкер ауыр жараланған.

Азаттықтың Тәжік қызметіне (Озоди) болған жайттан хабары бар адамның айтуынша, қарулы қақтығыс өткен түні Лангурихо ауылының маңында болған.

Жараланғандардың үшеуін Саричашма ауылды аймағындағы ауруханаға, біреуін Восей ауданының ауруханасына жатқызған. Екі жаралы қызметкерді Душанбеге тікұшақпен жеткізуге әзірлеп жатқаны хабарланды.

Билік орындары бұл оқиғаға байланысты әзірге ресми ақпарат таратқан жоқ. Озодиге ақпарат берген адамның сөзінше, оқиға болған жерге күш құрылымдарының қызметкерлері барған.

Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасының жалпы ұзындығы - 1400 шақырым. Оқиға болған шекара маңында заңсыз есірткі тасымалдаушылар және қарулы контрабандистермен қақтығыстар жиі болып тұрады. Жыл сайын шекараның бұл тұсында оны заңсыз кесіп өтуге байланысты ондаған оқиға тіркеледі.

XS
SM
MD
LG