Accessibility links

СІМ: журналист Бендицкий Минскіде қайтыс болды


Қазақстан сыртқы істер министрлігі.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі.

Туыстары қазақстандық журналист Геннадий Бендицкийдің Минскідегі ауруханада қайтыс болғаны жөнінде хабар айтқаны туралы бүгін Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметі хабарлаған.

Министрлік хабарламасында журналист Геннадий Бендицкийдің бүгін таңертең Минск қаласындағы 9-ауруханада жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 6:30 кезінде ұзаққа созылған дерт салдарынан дүние салғаны туралы Беларусьтегі Қазақстан елшілігіне марқұмның туыстары хабар айтқаны жазылған.

Бұған дейін әріптестері журналист Геннадий Бендицкийдің желтоқсанның 3-і, тура 47 жасқа толған күні қайтыс болғаны туралы хабарлаған. Соңғы бірнеше жыл Бендицкий жұмыс істеген ratel.kz интернет-басылымының жазуынша, журналисті қашан, қайда жерлейтіні туралы әзірше хабарламаған.

Қазақстанның ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев бүгін Бендицкийдің қазасына байланысты Facebook-тегі парағына: "Бұл отандық журналистика үшін ауыр қаза" деп жазды.

Геннадий Бендицкий журналистік зерттеу мақалаларымен танымал болатын.

Өткен айда Қазақстан парламентінің төменгі палатасы ақпарат және коммуникация министрлігі әзірлеп ұсынған БАҚ туралы заңға түзетулер енгізу жөніндегі заң жобасын мақұлдаған. Жобаны сынаушылар ондағы өзгертулер Қазақстанда журналистік зерттеу жанрын біржолата жояды деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG