Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков сәрсенбіде Өзбекстанға сапарлап барады деп хабарлады қырғызстандық БАҚ. Жээнбеков президент ретінде Өзбекстанға бірінші рет ресми сапармен бармақ.
Қырғызстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жээнбеков Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен, премьер-министрі Абдулла Ариповпен және парламент спикері Нигматилла Юлдашевпен кездеседі. Сапар барысында екі жақты бірсыпыра құжатқа, оның ішінде қаржы саласындағы, ұлттық ғылым академиялары арасындағы ғылыми-техникалық сала бойынша, төтенше жағдайлар министрліктері арасында, кеден мәселесіндегі ынтымақтастық бойынша келісімдерге қол қойылады деп жоспарланып отыр. Келіссөз қорытындысында мемлекет басшылары бірлескен мәлімдеме жасамақ.
Президент баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, Жээнбеков Өзбекстанға ұшпас бұрын Өзбекстанмен ынтымақтастық жөніндегі бірнеше заңға қол қойды. Атап айтқанда, президент шекара өкілдерінің қызметі туралы келісімді және салық заңнамаларын сақтау мәселелері бойынша көмек көрсету туралы келісімді ратификациялады.