Қазақстан шахмат федерациясы 13 желтоқсанда Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) төрешілер комиссиясына "саяси себеппен" қарсылас команданы жөнсіз ауыстыруға" байланысты нота жолдады.
Қазақстандық федерация хабарламасында Үндістанның Ахмедабад қаласында өтіп жатқан 16 жасқа дейінгілер арасындағы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында жеребе бойынша Қазақстан құрамасы 12 желтоқсанда Армения құрамасымен ойнауы тиіс болғаны айтылады. Жеребе бойынша, келесі тақтада Иран мен Израиль құрамалары ойнауы тиіс болған.
"Жарыстың бас төрешісі Ратинам Анантарам біздің құрамамызға Иранды, ал Израильді Арменияға қарсылас қылып, компьютерлік бағдарламамен тартылған жеребе нәтижелерін өзгертті" делінген мәлімдемеде. Федерация халықаралық жарыстың жеребе нәтижесін ауыстыру себебі "Израиль мен Иран арасындағы саяси қарым-қатынас мәселесімен байланысты болуы мүмкін" екенін айтады.
Қазақстан құрамасы қарсыласының ауысқанын соңғы сәтте ғана білген және "ол өзгеріс туралы ресми ескерту алмаған".
FIDE төрешілер комиссиясының төрағасы Николопулос Панайотистің атына жазылған нотада Қазақстан шахмат федерациясы арбитрдің әрекетін "қисынсыз" санайды және төрешілер комиссиясының мұны түсіндіруін талап етеді.
"Біз түсінбей отырмыз, екі команда арасында матч өткізуде қиындық туындаған болса, ол не себепті өз білгенімен, басқа командалардың мүддесін ескерместен шешілген?" дейді Қазақстанның балалар және жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушысы Әнуар Ісмағамбетов.
Қазақстан шахмат федерациясы жастар арасындағы шахматтан Дүниежүзілік олимпиадада Қазақстан құрамасы жарыс кестесінде бесінші орында тұрғанын айтады. Ахмедабадтағы жарыс 18 желтоқсанда аяқталады.