Жаңаөзен қаласында 2011 жылғы оқиғада қаза болғандарды еске алу шараларынан хабар дайындап жүрген Азаттықтың Маңғыстау облысындағы тілшісі Сәния Тойкен отырған көлікті бүгін көшеде полиция тоқтатқан. Журналистің айтуынша, ол мінген көліктің жүргізушісі – 2011 жылы Жаңазөзенде полиция халыққа оқ атқан кезде жараланған Дүйсен Нұровты құқық қызметкерлері "ішімдік ішіп алған" деген күдікпен полиция көлігіне салып алып кеткен.
- Полиция өкілдері ішінде жеке құжаттарым мен кәсіби құралдарым жатқан көлікті өздері жүргізіп әкетті, заттарымды алып қалайын деп айтқаныма қараған жоқ, - деді Сәния Тойкен.
Тілшіміз таңертеңнен бері Жаңаөзен көшесінде полиция қызметкерлерінің әдеттегіден көп жүргенін байқағанын айтты.
Бүгін Жаңаөзен қаласында осыдан тура алты жыл бұрын полиция оғынан қаза тапқан адамдардың отбасылары марқұмдарды еске алады.
2011 жылы желтоқсанның 16-сында Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек мәселелеріне қатысты талаптар қойған мұнайшылардың наразылық шеруін билік оқ атып күшпен таратты. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзендегі қырғында кемінде 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Ертесінде Жаңаөзеннің іргесіндегі Шетпе ауылындағы халық наразылығы кезінде тағы бір адам оққа ұшты.
Оқи отырыңыз: Жаңаөзен оқиғасы туралы барлық мақалалар
Журналист Сәния Тойкен кәсіби міндетін атқару барысында бұған дейін де кедергілерге тап болған. Ақпан айында Маңғыстау облысы әкімінің халыққа есепті баяндамасын тыңдауға бара жатқан тілшіні көліктің артқы орындығында "қауіпсіздік белдігін тақпай отырғаны" үшін полиция ұстап, бөлімшеге алып кетіп, жиыннан қалдырған еді.
Оқи отырыңыз: Әкіммен кездесудің орнына полицияға апарды
2016 жылы Сәния Тойкенді екі рет – 29 сәуір және 1 мамыр күндері Жаңаөзен қаласына кіргізбей қойды. Ол кезде журналист үкіметтің жер туралы реформасына Жаңаөзен тұрғындары наразы екен дегенді естіп, бұл жөнінде олармен сөйлесіп, хабар дайындау үшін бармақшы болған.
Биыл қазан айында Сәния Тойкен журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.