Accessibility links

Ерлі-зайыпты Тарасовтар Өскеменде наразылық шарасын өткізді


Владимир және Валентина Тарасовтар наразылық акциясында тұр. Өскемен, 22 наурыз 2017 жыл.
Владимир және Валентина Тарасовтар наразылық акциясында тұр. Өскемен, 22 наурыз 2017 жыл.

Шығыс Қазақстан облысында тұратын ерлі-зайыпты зейнеткерлер – 76 жастағы Владимир және 71 жастағы Валентина Тарасовалар 2013 жылы қаза тапқан ұлдарының ісіне қатысты тергеу жүргізуді талап етіп бүгін, Қазақстанның тәуелсіздігі күні Өскемендегі облыстық әкімдік алдында наразылық акциясын өткізді. Владимир Тарасов әкімдікке барған соң кеудесіне тағып алған плакатта ерлі-зайыптылардың билікке балаларының қазасына байланысты, сонымен бірге облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездесуді сұраған талаптары жазылған.

Акция өткізіп тұрған Тарасовтардың маңына жиналған жай киімдегі адамдар оларды суретке түсіріп алған. Сол жерге прокурор да барған, бірақ зейнеткерлерге ештеңе айтпаған. Көп ұзамай ерлі-зайыпты қарттарға жолыққан облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк әкім Ахметов қазір облыстан тыс жерде жүргенін айтқан. Ол Тарасовтарды қызмет кабинетіне кіргізіп, сол жерде облыс әкімдігінің өзге қызметкерлерімен бірге Тарасовтарды облыс әкім Даниал Ахметовтың қабылдауына жазғызу жайын келіскен. Әкімдіктегілер Тарасовтарды желтоқсанның 20-сы күні облыс әкімінің қабылдауына жазғаннан кейін зейнеткерлер наразылық акциясын доғарған.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облыстық апелляциялық соты қос зейнеткердің ұлы Григорий Тарасовтың қазасына қатысты қылмыстық істі тергеуді доғарумен келіспейтіні туралы арызын қараудан бас тартқан Өскемен қалалық сотының үстінен жазған шағымын қанағаттандырмаған болатын. Қарашаның 27-і күні Өскемен қаласының соты тергеу тобының басшысы полковник Талғат Ібікеновтің 2017 жылдың 3 тамызында Григорий Тарасовтың қазасына қатысты қылмыстық істі доғару туралы шешіміне қарсы марқұмның ата-анасының берген шағымын қараудан бас тартқан. Зейнеткерлер тергеушілердің "қылмыс құрамы жоқ" деген негізбен қылмыстық істі доғаруын заңсыз деп біледі.

39 жастағы Григорий Тарасовтың қазасы туралы іс бұған дейін біресе жабылып, біресе әлгіндей шешімге наразы қарт ерлі-зайыптылардың қарсылық акцияларын өткізіп, олармен ішкі істер министрлігі мен прокуратура өкілдері кездескеннен кейін қайта ашылған болатын. Тарасовтар кісі қолынан қаза тапқан деп санайтын ұлдарының өлімінің жай-жапсарын анықтау үшін тергеу жүргізуді талап етіп келеді. Тергеу орындары Григорий Тарасов жазатайым оқиғаға ұшыраған деп санайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG