Ақтөбедегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 21 желтоқсан күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің экс-подполковнигі Асланбек Тахауиев пен экс-прапорщигі Кәрімбай Дабыловқа үкім шығарды. Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, судья Алтынбек Сабыров Асланбек Тахауиевке 10 жыл, Кәрімбай Дабыловқа 8 жылдық түрме жазасын кесті. Сот үкіміне сай, сотталушылардың жеке мүліктері тәркіленіп, подполковник және прапорщик шенінен айырылды.
Асланбек Тахауиев 2017 жылдың маусым айына дейін ҰҚК Ақтөбе облыстық департаментіндегі үшінші басқарма басшысының орынбасары болған. Маусымның 10-ы күні сот санкциясымен қамалған Асланбек Тахауиевке тергеу Қылмыстық кодекстің 194-бабы 4-бөлімінің 2-пункті ("Қорқытып алу") және 362-бабының 4-бөлімі ("Билiктi немесе қызмет бабын асыра пайдалану") бойынша айып таққан болатын. Прапорщик Дабылов194-баптың 4-бөлімі 2-пункті бойынша айыпталды.
Тергеу материалдарына қарағанда, күдіктілер уақытша құрылған фирмалар арқылы "Атырау Сервис КЗ" серіктестігінің есеп-шотындағы 200 миллион теңгені қолма қол ақшаға айналдырып, 8 миллион теңге пайда табуды көздеген. Кейін оны азсынып, жалдамалы есепшіден 15 миллион теңге талап ете бастаған. Аса ірі көлемде қаржы бопсалады деп айыпталған 39 жастағы подполковник пен 38 жастағы прапорщик биыл 8 маусым күні ұсталды.