АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Конгресс қабылдаған салық реформасы туралы заң жобасына қол қойды. Бұл құжат елде салық төлеушілерге салынатын салықты 1980 жылдардан бергі кезеңдегі ең үлкен мөлшерге азайтуды көздейді.
"Мен мұны орта топтағылар үшін аса маңызды жұмыс орны туралы заң жобасы деп санаймын", - деген Трамп қол қою рәсімі кезінде.
Аталған заң бойынша, кәсіпорындар мен жеке тұлғалардан алынатын салық көлемі 1,5 триллион долларға қысқарады. Кәсіпорындардың пайдасына салынатын салық 35 пайыздан 20 пайызға дейін азайтылып, америкалықтар үшін ең жоғарғы салық деңгейі 39,6 пайыздан 37 пайызға дейін төмендетіледі. Жеке салық төлеушілер 2025 жылға дейін салық жеңілдігін пайдаланатын болады.
Жеті ай бойы Конгресте қызу талқыланған заң жобасын желтоқсанның басында Сенат сәл басымдықпен қабылдап, президентке қол қоюға жіберген. Жобаға қарсылық білдірушілер салық реформасы тек ірі бизнес пен бай адамдарға ғана тиімді деп санайды. Олардың пікірінше, бұл реформа бюджет тапшылығын бір триллион долларға ұлғайтады.
Сонымен бірге президент Трамп жұма күні осыған дейін Конгресс мақұлдаған федералдық үкіметті қаржыландыруды 2018 жылғы қаңтардың 19-ына дейін жалғастыру жөніндегі қарарға және зымыранға қарсы қорғаныс саласындағы жұмыстарды қаржыландыруға 4 миллиард доллар бөлу туралы заңға қол қойды.