Лондон алдағы жылы Брюссельмен келіссөздерді аяқтап, Ұлыбритания Еуропа Одағынан шыққаннан кейін британ азаматтарының ұлттық паспортының түсі өзгертіледі. Бұл туралы Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй мәлімдеді. Британ паспорты Еуропа Одағы елдерінде қабылданған стандартты күрең түсті емес, қара көк болады. 1988 жылға дейін бірнеше ондаған жыл бойы британ паспортының түсі дәл сондай болатын.
Мэйдің сөзінше, бұрынғы дәстүрге қайта оралу "тәуелсіздік пен егемендікті" білдіріп, болашақ көк түсті паспорт иесінің "намысқор, мықты мемлекет" азаматы екенін көрсететін болады. Премьердің шешімін Ұлыбританияның Еуроодақ құрамынан шығуын (Brexit) жақтайтындар қолдаса, оппозициядағы лейбористер сынға алды.
"Енді біз әуежайда төрт сағат кезекте өз паспортымызға қарап тұрып, оның көк түсті екенін мақтан тұтатын боламыз" деп мысқылдады лейбористік партиядан сайланған депутаттардың бірі.
Брюссель егер Лондонмен келіссөздер барысында мәмілеге қол жетпесе, онда Brexit-тен соң британ азаматтары Еуропа Одағы аймағына кірген кезде паспорттық бақылаудан тезірек өту мүмкіндігінен айырылуы ықтимал деп мәлімдеген.
Болжам бойынша, Ұлыбритания 2019 жылғы наурыздың соңына қарай Еуропа Одағынан ресми түрде шығуы тиіс. Одан кейін өтпелі кезең 2020 жылдың соңына дейін жалғасады.