27 желтоқсаннан бастап Украина мен Ресей шекарасындағы бірнеше пунктте биометрикалық қадағалау жүйесі орнатылады деп хабарлады Facebook-те Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Зорян Шкиряк. Ол шекараның заң бұзушылар мен контрабандашылар көп өтеді деген жерлерінде мобильді биометрикалық қадағалау кешендері орнатылатынын айтты.
Украина президенті Петр Порошенко биыл 1 қыркүйекте 2018 жылдың 1 қаңтарында Украинаның шекара пунктерінде биометрикалық мәліметтерді тексеру жүйесі жұмыс істеуі тиіс екенін мәлімдеген. Киев Украина қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп санайтын кейбір елдердің азаматтары шекарадан биометрикалық төлқұжат арқылы өтеді. Егер биометрикалық төлқұжаты болмаса, онда шекарада шетелге шығу төлқұжатына биометрикалық мәліметтер енгізілмек.