Қытай Пхеньян ядролық қаруын бұдан ары сынаудан бас тартса Солтүстік Кореяға беретін әскери-экономикалық көмегін, оның ішінде қысқа және орта қашықтыққа ұшатын зымырандардың жаңа үлгісін жеткізуді ұлғайтуды ұсынады. Қытай коммунистік партиясы Орталық комитетінің бұл туралы «аса құпия» деген белгі басылған құжаты 2017 жылдың 15 қыркүйегінде қабылданған. Бұдан 12 күн бұрын Солтүстік Корея соңғы рет жерастында ядолық сынақ жасаған болатын. Америкалық Washington Free Beacon газеті жариялаған құжатты бұрын Қытай арнайы қызметімен байланысы болған адам берген. Бұл ақпарат әзірге басқа тәуелсіз бұлақтардан растала қоймады.
АҚШ Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) да, Қытайдың Вашингтондағы елшілігі де газет ақпаратына комментарий берген жоқ.
Құжат бойынша, Қытай Солтүстік Кореядан қолында бар ядролық арсеналын жоюды талап етпейді. Бірақ бұл Пекиннің Корей түбегін ядролық қарудан таза аймаққа айналдыруды көздейтін ресми саясатына қайшы келеді. Қытай сонымен қатар Солтүстік Корея басшылығына БҰҰ енгізген сауда санкцияларының қолданылуын шектеуге уәде береді. Пекин Солтүстік Кореямен банк операцияларын жүргізуге салынған тыйымның тек Қытайдың орталық үкімет бақылауындағы мемлекеттік банкілеріне және аймақтық банктерге ғана жүретініне кепілдік береді.
Washington Free Beacon материалы Оңтүстік Корея баспасөзі жариялаған «Қытай БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциясын орағытып өтіп, Солтүстік Кореяға мұнай тасымалдап отыр» деген мәліметпен үндес шығып отыр.