Accessibility links

Иранда үкіметті қолдайтын шеру өткені хабарланды


Құм қаласындағы үкіметті қолдайтын шерушілер. Иран, 3 қаңтар 2018 жыл.
Құм қаласындағы үкіметті қолдайтын шерушілер. Иран, 3 қаңтар 2018 жыл.

Иранның мемлекеттік телеарнасы билікке қарсы демонстранттар мен қауіпсіздік күштері арасындағы бірнеше күнге созылған қақтығыстар өткен түні тыншыған соң үкіметті қолдайтын ондаған мың адам көшеге шыққанын хабарлады. Ағылшын тілінде хабар тарататын мемлекеттік PressTV телеарнасы 3 қаңтар күні үкіметті қолдаған митингіден тікелей трансляция жүргізді. Митингіге қатысқандар көшеге Иран туларын ұстап шығып, дінбасылар бақылайтын Иран үкіметін қолдап ұрандады.

Мемлекеттік телеарна хабарларында Ахвас, Керманшах және Горган қалаларындағы үкіметті қолдаған жиындардан кадрлар көрсетілді. Ол шерулерде демонстранттар 28 желтоқсанда басталып, кем дегенде 22 адам қаза тапқан үкіметке қарсы шерулердегі тәртіпсіздік пен қақтығыстарды айыптайды.

Еуропа Одағы елдері мен АҚШ басшылары үкіметке қарсы шерулерде адам шығыны болғанын және жүздеген демонстранттың тұтқындалғанын айыптады. Вашингтон Тегеран бейбіт демонстранттардың билікке деген наразылығын еркін білдіруіне рұқсат беруі керегін мәлімдеп, бұл оқиғаларға қатысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынын өткізуге шақырды. Бұл жиынның қашан өтетіні әзірге белгісіз. Иранның жоғарғы рухани көсемі саналатын аятолла Әли Хаменеи «Иранның жауларын» үкіметке қарсы демонстрацияларға дем берді деп айыптады.

Оқыңыз: Ирандағы наразылар кімдер?

Иран үкіметі шерулерге байланысты әлеуметтік желілерді бұғаттады. АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли Иран билігінің наразылық шерулеріне сыртқы күштердің қатысы бар деген мәлімдемесін жоққа шығарды.

Ирандағы наразылық бейсенбі, 28 желтоқсанда Мешхедте басталып, бірден басқа қалаларға жайылған. Содан бері шерулерде кем дегенде 20 демонстрант пен бір полиция қызметкері қаза тапты. Тегеранда 30 желтоқсанда 450-ден астам демонстрант ұсталды.

Әуелде қымбатшылық пен күнкөрістің төмендеп кетуіне қарсы ұранмен шыққан шерудің соңы Иранның жоғары басшысы саналатын рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеидің ішкі саясаты мен Таяу Шығыстағы сыртқы саясатына наразылыққа ұласты. Көшеге шыққандар Хаменеидің портреттерін жыртып, ел басшылығына қарсы ұрандарын үдете түскен.

XS
SM
MD
LG