7 қаңтарда Мәскеудегі "Зарядье" паркінде ресейлік оппозиционер Алексей Навальный штабының екі еріктісі ұсталды. Ольга Алексеева мен Надежда Чуракова паркте Навальныйдың сайлауалды бағдарламасы жазылған газет таратып жүрген.
Құқық қорғау тақырыбына арналған "ОВД-Инфо" порталының хабарлауынша, полиция еріктілерге үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге болмайтынын ескертіп, бөлімшеге жеткізген. Ал ұсталғандар үгіт-насихат жүргізбегенін, тек ақпарат таратып жүргендерін айтқан.
Дәл осы күні, 7 қаңтарда Мәскеудегі Садовническая көшесінде газет таратып жүрген Навальный штабының еріктілері Максим Лахаткин мен Александр Пелевин де ұсталған. Белсенділердің айтуынша, полиция оларға "заңсыз пикет ұйымдастырдыңдар" деп бөлімшеге жеткізген.
7 қаңтар кешкісін ұсталған еріктілердің барлығы босатылған.