Қазақстан Қырғызстаннан Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) өзге елдеріне теміржолмен жүк тасымалдауда бірыңғай тариф қолдана бастады.
Еуразия экономикалық комиссиясының хабарлауынша, 2017 жылы қарашада ЕАЭО соты кеңес түріндегі тұжырым қабылдаған. Ол бойынша, ЕАЭО туралы келісімге сай мұндай жүк тасымалы кезінде бірыңғай тариф қолданылуы тиіс.
Бұған дейін, ЕАЭО-ның құқықтық ұйғарымдарына қарамастан Қазақстан территориясы арқылы Қырғызстанның жекелеген аймақтары және одаққа мүше елдер арасында теміржолмен жүк тасымалдау кезінде жоғары тариф қолданылып келген болатын.
«Бірыңғай тарифті қолдану одаққа мүше елдер арасында өзара сауда-саттық жасасқанда транспорт-логистикалық шығындарды азайтады» дейді ЕАЭО-ның ішкі нарығы, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша министрлер алқасының мүшесі Карине Минасян.