Ингушетияның Назрань қаласында 17 қаңтар күні таңертең «Мемориал» құқық қорғау ұйымының кеңсесі орналасқан ғимарат өртенді. Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің Ингушетиядағы басқармасының хабарлауынша, өрттен ешкім зардап шекпегенімен, компьютерлер, жиһаз бен қағаздар өртенген.
Ресейлік «Новая газета» басылымының жазуынша, кеңсені белгісіз біреулер өртеген. Өрт қойылғаны түсіріліп қалған видеода бетперде мен қолғап киген екі жас жігіттің сатыны шатырға тақап, «Мемориал» кеңсесі орналасқан екінші қабатқа шыққаны көрінеді. Басылымның жазуына қарағанда, олардың қолында бензин құятын ыдыс болған. «Мемориалдың» Назранидегі басшысы Тимур Акиевтің кабинетінен керосиннің исі бар еріген пластик шөлмек табылған.
9 қаңтарда Шешенстанда «Мемориалдың» Грозныйдағы филиалының басшысы Оюб Титиев ұсталған. Оған есірткі сақтады деген айып тағылған. Тергеушілер оның көлігінен «есірткі сақталған пакет» табылғанын айтады. 11 қаңтарда сот 60 жастағы Оюб Титиевті екі айға қамаған. Адвокаты Петр Заикин Шешенстан полициясының Титиевті өзіне жалған кінә тағуға итермелеп, оны туысының үйінен қуып шыққанын және қоқан-лоқы жасағанын хабарлады.
14 қаңтарда Титиевтің отбасы Шешенстаннан кетіп қалуға мәжбүр болғаны мәлім болған. Титиев Ресей президенті Владимир Путинге хат жазған. 2014 жылы желтоқсанда Грозныйда «Азаптауға қарсы комитет» құқық қорғаушыларының кеңсесі өртенген.