Ақтөбе облысында автобустағы өрттен мерт болған өзбекстандық 52 азаматтың сүйегін Өзбекстан төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы ұшағы 19 қаңтарда Астана уақытымен сағат 21 шамасында Ақтөбеден Өзбекстанға алып кеткен. Бұл туралы Ақтөбе облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Автобустағы өрттен 52 адамның қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан құрған үкіметтік комиссияның мүшесі, Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев негізгі болжам бойынша, қайғылы оқиғаға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау себеп болған деп хабарлаған.
"Өрттен тірі қалғандардың айтуынша, қозғалтқышы өшіп қалған автобуста отырғандар суық салонды жылыту үшін екі сағаттан артық уақыт дәнекерлейтін шам жағып отырған. Көлік ішінде бес литр бензин құйылған пластмасса ыдыс болғандығы анықталды. Негізгі болжамға сәйкес, шамнан бөлінген газ бен бензин қоспасы салонға толған. Әлгі ыдыстағы бензин төгілген кезде лезде от тұтанып, бас-аяғы бес минуттың ішінде салондағы адамдар өрттен мерт болған" дейді вице-министр.
Оның сөзінше, оқиға орнын екі тәулік бойы зерттеген мамандар автобустан қару-жарақ, оқ-дәрі немесе олардың қалдықтары тәрізді күмәнді ештеңе таппаған. Сонымен бірге Ерлан Тұрғымбаев қайғылы оқиғаға жол-көлік оқиғасы себеп болуы мүмкін деген болжамды да жоққа шығарған.
Оқи отырыңыз: Өрт құрбандарының кім екенін анықтау қиын
Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой автобустағы өрттен аман қалған бес адам – үш қазақстандық және екі Өзбекстан азаматының денсаулық жағдайы жақсы деп хабарлаған. "Зардап шеккендердің денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Оларды ауруханадан шығаруға болады" деген ол. Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Рахымжан Арыстан өрттен зардап шегіп, реанимацияға жеткізілген екі өзбек азаматы жұма күні ауруханадан шыққаны туралы хабарлады.
Өрттен аман қалған үш қазақстандық әзірше жедел жәрдем ауруханасында. Тергеушілер қайғылы оқиғаға қатысты олардан жауап алып жатыр.
Қаңтардың 18-і күні таңертеңгі сағат 10:30 шамасында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықтықта Шымкент - Самара тасжолында жолаушылар автобусы өртенген. Билік орындарының хабарлауынша, автобуста барлығы 57 адам болған, олардың 52-і қазаға ұшыраған. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары. Үш жолаушы мен екі жүргізуші аман қалған.
ВИДЕО: Автобус өртенген аймақ, 18 қаңтар 2018 ж: