Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің (СІМ) баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов дүйсенбі күні Ауғанстан астанасы Кабулдағы қонақүйге жасалған шабуылдан қаза тапқан Қазақстан азаматының Астанада тұрғанын хабарлады. Марқұм Кабулға жергілікті телекоммуникация саласында жұмыс істейтін компанияның шақыртуымен барған.
20 қаңтар күні кешке шетелдіктер мен ауған шенеуніктері жиі түсетін Intercontinental қонақүйіне қарулы бірнеше адам шабуыл жасап, кем дегенде 30 адам қаза тапқан. Бірнеше сағатқа созылып, 21 қаңтар күні аяқталған операциядан соң билік шабуыл жасады делінген алты адамның көзі жойылғанын хабарлаған. Шабуылды «Талибан» қозғалысы мойнына алған.
Ауғанстан Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Вахид Маджрох қалалық ауруханаға қаза тапқан 19 адамның денесі жеткізілгенін хабарлады. Шенеуніктердің мәліметінше, құрбандар арасында 14 шетел азаматы бар. Олардың арасында қонақүй қызметкерлері, қонақүйге келушілер және қауіпсіздік қызметкерлері бар.
Дүйсенбіде Астанада журналистермен кездескен Жайнақов құрбан болған қазақстандықтың аты-жөнін "этикалық себептен" атай алмайтынын хабарлады. Ол сонымен қатар құрбан болған қазақстандықтың бизнеспен айналысқанын, Ауғанстанда болжам бойынша өткен жылдың қазан-қараша айларынан бері жүргенін және Қазақстан елшілігінде консулдық тіркеуде болмағанын айтты. Жайнақовтың сөзінше, қазір марқұмның мәйітін Қазақстанға жеткізу жұмыстары жасалып жатыр.