Спорттағы арбитраж соты (CAS) ресейлік 39 спортшыны «допинг қолданғаны үшін» өмір бойы жарыстан шеттету туралы санкцияны жойды. CAS 1 ақпанда ресейлік 28 спортшының Сочи олимпиадасында допингке қарсы ережені бұзғанына дәлел «жеткіліксіз» болды деген шешім шығарды. Халықаралық олимпиада комитеті (IOC) былтыр желтоқсанда ресейлік 43 спортшыны «допинг қолданғаны үшін» өмір бойына жарыстан шеттеткен еді. Ресейлік спортшылар бұған наразылық білдіріп, IOC шешіміне шағымданған. Бір ғана спортшы шағымданбаған.
«28 атлеттің апелляциялық шағымы қанағаттандырылды. Оларды өмір бойы жарыстан шеттету туралы санкция жойылып, 2014 жылы Сочи олимпиадасында көрсеткен нәтижелері қалпына келтірілді» делінген CAS таратқан мәлімдемеде. 28 атлет енді 9-25 ақпанда Пхенчханда (Оңтүстік Корея) өтетін қысқы олимпиадаға қатысуға өтініш бере алады.
CAS ресейлік өзге 11 спортшының «допингке қарсы ережені бұзғаны» расталғанын айтады. Сот оларды келесі, яғни Пхенчханда өтетін олимпиадаға қатысу құқынан ғана айырып, өмір бойына жарыстан шеттету туралы санкцияны жойды.
Қалған үш спортшының апелляциялық шағымы кейін қаралмақ.
Оқи отырыңыз: Ресейді олимпиададан аластау: «Қиянат» пен «әділет» дауы