АҚШ Конгресіндегі республикашыл партия өкілдері бұрын құпия болып келген меморандумды жариялады. Онда 2016 жылы АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамптың сайлауалды штабының мүшесі Картридж Пейдждің телефон әңгімелерін Федералдық тергеу бюросы (FBI) "заңсыз негіз" бойынша жасырын тыңдағаны жазылған.
Жарияланып отырған құжат президент сайлауына демократиялық партия кандидаты ретінде қатысқан Хиллари Клинтонның "сайлауалды штабының тапсырысымен жасалған" делінетін "Трамп құжаттарындағы" ақпарат негізінде дайындалған. Меморандум авторлары "ФБР Пейджді аңдуға рұқсат алу үшін судьяны шатастырған" деп санайды. Олардың пікірінше, "егер судья әлгі құжаттарды Трамптың саяси бәсекелесі қаржыландырғанын білгенде жасырын тыңдауға рұқсат бермеген болар еді".
Бұған дейін демократиялық партия өкілдері аталған меморандум Ресейдің АҚШ президенті сайлауына араласуын және Трамптың сайлауалды штабының Кремльмен ықтимал ауызжаласуын тексеруге деген сенімді жою мақсатын көздейді деп мәлімдеген болатын. Олар республикашылдарды "қызмет бабындағы хаттың мәтінін өзгертті" деп айыптаған.
FBI өкілдері аталған құжат "оқиғаны қаз-қалпында сипаттамайды және маңызды барлау мәліметтері мен оларды жинақтау әдіс-тәсілдерін ашуға апарып соғуы мүмкін" деп мәлімдеген.
АҚШ президенті Дональд Трамптың өзі Қаржы министрлігі мен Федералдық тергеу бюросын "тергеуді саясиландырды" деп айыптаған. Оның пікірінше, тергеу барысында республикашылармен салыстырғанда демократтарға басымдылық беріліп отыр.
Мәскеу АҚШ-тың ішкі ісіне араласпағаны туралы бірнеше рет мәлімдеген. Дональд Трамп "Ресеймен байланыс" жайлы тергеуді "жар астынан жау іздеу" деп атаған.