Accessibility links

«АрселорМиттал Теміртаудың» кәсіподақ белсенділеріне арызы қаралмады


«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы кәсіпорнындағы жұмысшылар (Көрнекі сурет).
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы кәсіпорнындағы жұмысшылар (Көрнекі сурет).

«АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) компаниясының өз шахталарындағы кеншілер ереуілін заңсыз деп тану туралы азаматтық шағымы қаралмады. АМТ компаниясы шағымды қарамау туралы өзі арыз жазған. Осыған байланысты 15 ақпанда Қарағанды облысы Шахтинск қалалық сотының судьясы шағымды қарамау туралы ұйғарым шығарды.

Компания «Шахтерлер отбасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наталья Томилованы, «Жылу-энергетикалық кешен жұмысшыларының салалық кәсіподағының» Қарағанды облысындағы филиалының төрағасы Дмитрий Синявскийді және металлургтердің «Жақтау» кәсіподағын сотқа берген. Қарағанды облысындағы шахталар мен Теміртаудағы металлургиялық комбинатқа ие АМТ азаматтық шағымында «жауапкерлердің ереуілдегі заңсыз әрекеті (әрекетсіздігі) адамдар өміріне қауіп төндіріп, кәсіпорында қалыпты және қауіпсіз жұмыс жүргізуге кедергі келтіргенін» айтқан.

Кәсіподақ белсенділеріне қарсы арыз бойынша сот отырысы соталды дайындық кезінде аяқталды.

- Олар осы «ілмек» арқылы бізді уысында ұстамақ. Олар осымен екінші рет соттасудан жалтарып, бізді түртпектеп отыр. Олар осы арқылы бізді кез-келген уақытта осыған ұқсас айыппен сотқа бере алатынын білдіргісі келеді. Бірақ қалай болғанда да, біз ешқандай заң бұзбағанымызды білеміз және бүгінгі сотқа өз іс-әрекетіміздің заңды екеніне дәлелдемелер алып келдік. Ал олар сотқа келмей, өз мәлімдемелерін кеңсесі арқылы жолдаған, - деді Наталья Томилова Азаттыққа.

АМТ өз арызына қатысты әзірге комментарий бермеді.

Компанияның арызында жауапкерлер туралы «Қазақстан» шахтасының аумағында 13 және 14 желтоқсан күндері ереуілді жалғастыруға, талаптарын толық орындатуға үндеп, шахталар жұмысын бөгеді. Басталған заңсыз ереуілді тоқтатуға, жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында ереуілді тоқтату және адамдарды шахтадан шығару туралы келіссөзге кедергі келтірді. Жауапкерлер шахтерлер жетекшілері бола тұрып, ереуіл өткізудің заңсыз екенін және оның ықтимал салдары туралы түсіндірмеді» делінген.

Желтоқсанның 11-і күні АМТ компаниясына қарасты шахтада жұмыс істейтін жүздеген кенші жер бетіне шығудан бас тартқан. Олар жалақыны 100 пайызға өсіріп, жеңілдіктер жасауды талап еткен. Кеншілер наразылығы төрт күнге жалғасқан.

Оқи отырыңыз: Билік кеншілердің "қудаланбайтынына" кепіл болмақ

АМТ соттан кеншілер ереуілін заңсыз деп тану туралы шағым түсіріп, Шахтинск қалалық соты ереуілді тоқтату туралы қаулы шығарған соң ғана ереуіл тоқтаған. Кейін компания шағымын қайтарып алған.

XS
SM
MD
LG