Accessibility links

Теміртауда лицей директоры білім бөлімін сотқа берді


Теміртаудағы № 1 ПТКЛ лицейінің директоры Игорь Пашин сотта сөйлеп тұр. Теміртау, 20 ақпан 2018 жыл.
Теміртаудағы № 1 ПТКЛ лицейінің директоры Игорь Пашин сотта сөйлеп тұр. Теміртау, 20 ақпан 2018 жыл.

Теміртауда қаладағы үздік оқу орындарының бірі саналатын № 1 ПТКЛ лицейінің директоры жергілікті білім бөлімін сотқа берді. Соттасуға қалалық білім бөлімінің лицей директоры Игорь Пашинді екі рет сөгіс жариялау түрінде жазалауы себеп болды.

- Маған бірінші рет сөгісті тендерде ұтып алған жеке кәсіпкер жалға алған асхананың «жұмысы нашар және ондағы тамақ сапасы төмен болғаны» үшін берді. Білім бөлімінің көзқарасы бойынша, бұл жерде мен кінәлі екенмін. Ал қатаң сөгісті 25 желтоқсанда қалада қатты көктайғақ және қозғалысқа қауіпті болған кезде сабақты тоқтатқаным үшін берді. Лауазымдық міндетім бойынша, мен балалардың қауіпсіздігін қадағалап, егер олардың денсаулығына немесе өміріне қауіп төнетіндей болса, оқу процесін тоқтата тұруға тиістімін. Сабақты тоқтату туралы шешімімді жүз пайызға дұрыс және заңды деп білемін. Сол кезде маған ата-аналар рахмет айтқан, себебі балалары жолда құлап, бір жері майып болып қалуы мүмкін еді, - деді Азаттыққа арызданушы Игорь Пашин. Ол лицей директоры қызметін төрт жылдан бері атқарады.

Арызданушы мен оның адвокаты екі сөгісті «тым қатаң, заңсыз және себепсіз» деп санайды және оларды жоюды талап етеді. Директорды қызметінен алып тастауы мүмкін деп қауіптенген ата-аналар педагогты қолдап сотқа келді.

Бұйрықта директорға алғашқы сөгіс «мектепте тамақтануды дұрыс ұйымдастыра алмағаны, басқаруындағы мекемеде оқитындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қадағалауы әлсіз болғаны және лауазымдық міндетін орындамағаны» үшін берілгені айтылады. Екінші рет қатаң сөгіс «білім беру мекемесінде қолайсыз ауа-райы кезінде сабақты тоқтату ережесін сақтамағаны және өтілмеген сабақтың орнын каникул есебінен толықтыруға жол беріп,өрескел заң бұзғаны» үшін берілген.

Жауапкер тарап – білім бөлімінің өкілі сотқа БАҚ өкілдерінің қатысуына және сот процесінен хабар таратуына қарсылық білдірді. Білім бөлімі журналистердің процестен хабар таратуы сотқа қысым жасауы мүмкін деп біледі.

Судья Гавриченкова сот процесінен аудиожазба ғана жасауға рұқсат беріп, жауапкер тарапты суретке түсіруге және өз еркімен кез-келген видео түсіруге тыйым салды.

XS
SM
MD
LG