Ресей президенті Владимир Путин қорғаныс министрі Сергей Шойгуға Сирияның Шығыс Ғута аймағында гуманитарлық бітімнің ұдайы сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сергей Шойгудың 26 ақпанда мәлімдеуінше, Путин Шығыс Ғутада күн сайын сағат 9-дан 14-ке дейін атысты тоқтатып, «гуманитарлық үзіліс» жариялауды бұйырған. Бұл уақытта халыққа көмек көрсетіліп, жаралылар соғыс аймағынан шығарылады.
24 ақпанда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Шығыс Ғутада 30 күндік бітім жариялау туралы қарарды бірауыздан мақұлдаған. 26 ақпанда БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш жанжалдасушы тараптардан тез арада 30 күндік бітім енгізуді талап еткен.
Бұған дейін Ресей тараптар қарарды орындауға келіскен жағдайда ғана бітім енгізуге болатынын мәлімдеген еді.
БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесінің жыл сайынғы сессиясының ашылуында сөйлеген Гутерриш гуманитарлық ұйымдардың Шығыс Ғута анклавындағы жаралыларды эвакуациялап, көмек жеткізуге дайын екенін айтты. «Шығыс Ғута бұдан әрі күте алмайды. Жер шарындағы бұл тозақты доғаратын уақыт келді», - деді Гутерриш.
Сирия адам құқықтарының бұзылуын бақылау орталығының мәлімдеуінше, Сирияда 26 ақпанда әуе соққылары мен атыстардан тоғыз бейбіт тұрғын опат болды. Бір күн бұрын бейбіт тұрғындарға қарсы хлор қолданылды, деп хабарлады адам құқығын қорғаушылар. Кремль өкілі Дмитрий Песковтың мәлімдеуінше, Мәскеуді Шығыс Ғутадағы жағдай алаңдатып отыр, ал «терроршылар» жергілікті тұрғындарды «кепілде» ұстап отыр.
Жаңан жаңалықтары: Шығыс Ғута аймағындағы жағдай (23.02.2018)